Астанада өткен Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Қазақстанда Жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырды. Осы тапсырманы жүзеге асыру мақсатында Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының негізінде «Қазақ жылқы шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институты» құрылды. Бұл туралы 19 қарашада Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды alataunews.kz.
Жаңа институттың жұмысы жылқы шаруашылығын дамытуға, асыл тұқымды жылқылардың сапасын арттыруға, ғылыми зерттеулер жүргізуге және отандық тұқымды халықаралық нарыққа шығаруға бағытталған. Алдағы бес жылда асыл тұқымды жылқы санын 6-7%-ға көбейту жоспарланған.
Қостанай, адай, мұғалжар, жәбе, күшім секілді жергілікті тұқымдарды сақтау және көбейту мақсатында селекциялық және асылдандыру жұмыстары жүргізілмек.
Институт аясында келесі жұмыстар жоспарланған:
- Жылқылардың генетикалық топтары туралы деректер қорын құру.
- Ұрықтар мен эмбриондар банкін ұйымдастыру.
- Биелерді қолдан ұрықтандыру зертханаларын ашу.
- Арнайы жылқы өсіруші мамандарды даярлау.
- Жылқы ветеринариялық клиникасын ашу арқылы ветеринариялық қызмет сапасын арттыру.
Институттың басты міндеттерінің бірі – жылқылардың генетикалық әлеуетін заманауи әдістер арқылы жақсартып, олардың өнімділігін 20-25%-ға арттыру. Бұл тұқымдарды елдің әртүрлі өңірлерінің тауар шаруашылықтарында кеңінен пайдалану жоспарымен қатар жүреді.
Институт шетелдік ғылыми орталықтармен, университеттермен және зертханалармен тығыз байланыста жұмыс істеп, тәжірибе алмасуды көздейді. Министрліктің мәлімдеуінше, бұл қадам Қазақстанның жылқы шаруашылығын халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті етуге мүмкіндік береді.