Биыл ҰБТ-ға қатысуға 187 мыңға жуық талапкер өтініш берген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 20 мыңға көп. Өтініш бергендердің 75,2%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 24,6%-ы орыс тілінде, ал 189 адам ағылшын тілінде тапсыруды таңдаған.
Ведомство мәліметінше, талапкерлер өтініш беру кезінде тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдаған.
Ең көп таңдалған бейіндік пәндер комбинациясы – «Математика–Физика». Бұл бағытты талапкерлердің 19,2%-ы таңдаған. Аталған комбинация болашақ мұғалімдер, инженерлер, механиктер, техниктер, технологтар, энергетиктер мен құрылысшыларды даярлауға бағытталған.
Сонымен қатар:
16,9% талапкер «Биология–Химия» пәндерін таңдаған (медицина саласына бағытталғандар);
9,7% талапкер «Шығармашылық емтихан» бағытын таңдаған.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі 2026 жылы ҰБТ форматы өзгеріссіз қалғанын нақтылады. Талапкерлер үш міндетті пәнді және екі бейіндік пәнді тапсырады.
Тапсырмалар құрылымы мынадай:
Қазақстан тарихы – 20 тапсырма;
Оқу сауаттылығы – 10 тапсырма;
Математикалық сауаттылық – 10 тапсырма;
Екі бейіндік пәннің әрқайсысы – 40 тапсырмадан.
Жалпы тапсырмалар саны – 120. ҰБТ бойынша ең жоғары балл өзгеріссіз – 140 балл.
Тестілеу уақыты 4 сағатты (240 минут) құрайды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минут уақыт қарастырылған.
ҰБТ барысында талапкерлерге калькулятор, Менделеевтің химиялық элементтер периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі тестілеу бағдарламасы арқылы қолжетімді болады.
Тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш беруге мүмкіндік бар. Апелляцияға өтініш білдірген талапкерлердің сертификаты апелляциялық комиссия шешімінен кейін жеке кабинетінде жарияланады.
Қаңтардағы ҰБТ-ға кімдер қатысады
Еске салайық, қаңтар айындағы ҰБТ-ға:
жоғары оқу орындарына ақылы негізде қабылданғандар;
шығармашылық бағыттан басқа дайындық бағыттарына немесе педагогикалық мамандықтарға ақылы негізде ауысқысы келетіндер;
өткен жылғы мектеп және колледж түлектері;
ҚР азаматы болып табылмайтын, бірақ ұлты қазақ тұлғалар;
шетелде білім алған ҚР азаматтары;
мектеп бітіретін түлектер ақылы негізде оқуға түсу үшін қатыса алады.
Қаңтардағы ҰБТ талапкерлерге жоғары оқу орындарына түсу немесе білім беру бағытын өзгерту үшін қосымша мүмкіндік береді.





