Ұлттық компания мәліметінше, теміржол бойында қараусыз жүрген мал пойыз қозғалысына қауіп төндіріп, апаттық жағдайларға себеп болып отыр. Осыған байланысты ҚТЖ жергілікті әкімдіктермен және көлік полициясымен бірлесіп, мал иелері арасында түсіндіру жұмыстарын күшейткен.
2026 жылдың басынан бері елімізде 1,3 мыңға жуық профилактикалық кездесу өткізіліп, оған шамамен 34 мың адам қатысқан. Сонымен қатар 52 мыңнан астам мал иесіне теміржол маңында мал жаю және жануарларды теміржол арқылы айдап өткізу ережелері түсіндірілген.
Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 378 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Биыл тоғыз айда пойыздардың малды қағып кетуіне байланысты 584 жағдай тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 64 оқиғаға аз. 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында осындай 648 дерек анықталған.
Дегенмен ұлттық компания өкілдері теміржол қауіпсіздігіне қатысты жағдай әлі де алаңдатарлық екенін атап өтті.
Қолданыстағы тәртіп бойынша, 2025 жылдан бастап мұндай құқықбұзушылық үшін ескерту жасау мүмкіндігі алынып тасталған. Қазір ережені алғаш рет бұзғандарға 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), ал қайталап бұзғандарға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Енді ҚТЖ бұл соманы екі есе арттыруды ұсынып отыр. Бастама қабылданса, алғашқы құқықбұзушылық үшін айыппұл 10 АЕК-ке, ал бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 20 АЕК-ке дейін өседі.
Әзірге бұл – ұсыныс. Жаңа айыппұл мөлшерлері қолданысқа енгізілген жоқ.
Мәселенің өзектілігін жуырда Жамбыл облысында болған оқиға да көрсетті. 2026 жылғы 5 қазанда жүк пойызы теміржол бойындағы бір отар қойды қағып кеткен. Салдарынан 120 қой қырылып, мал өлекселерінің бір бөлігі жақын маңдағы өзенге түскен.
Осыған байланысты «Қазақстан темір жолы» мал иелерін жануарларды қараусыз қалдырмауға, теміржолға жақын аумақтарда мал жаю қағидаларын сақтауға және белгіленген өткелдерді ғана пайдалануға шақырды.
Компания өкілдері теміржол қауіпсіздігі тек пойыз қозғалысына ғана емес, жолаушылардың өмірі мен денсаулығына да тікелей байланысты екенін еске салды.





