Енді бұл қызмет толықтай электронды форматқа ауыстырылып, тек eGov.kz порталы арқылы көрсетіледі. Сондай-ақ өтінімдерді migration.enbek.kz жүйесі арқылы да беруге болады.
Жаңартудың басты мақсаты – қызмет алу процесін жеңілдету және ХҚКО-ға бару қажеттілігін жою. Енді шетел азаматтары Қазақстан аумағында жеке тұлғалардың үй шаруашылығында жұмыс істеу үшін рұқсатты онлайн түрде рәсімдей немесе оның мерзімін ұзарта алады.
Жаңа жүйе бірқатар процестерді автоматтандыруды қарастырады. Атап айтқанда, медициналық анықтама мен сақтандыру туралы мәліметтер мемлекеттік дерекқорлардан автоматты түрде алынады. Бұл өтінім беру уақытын қысқартып, қателіктердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкинтің айтуынша, бүгінде барлық қажетті интеграциялар толық іске қосылған.
«eGov.kz порталында еңбек иммигранттарына рұқсат беру қызметі бойынша барлық интеграциялар жүзеге асырылды. Медициналық тексеру, сақтандыру және салық төлемдері автоматты түрде тексеріледі. Осыған байланысты 13 сәуірден бастап бұл қызметті ХҚКО арқылы көрсету тоқтатылды», – деді ол.
Рұқсат беру немесе оны ұзарту туралы шешімді аудан және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары ішкі істер органдарымен келісу арқылы қабылдайды. Рұқсат еңбек иммигранттарын тартуға белгіленген квота шегінде 1 айдан 12 айға дейінгі мерзімге беріледі.
Қосымша ақпаратты азаматтар eGov.kz порталынан және оның ресми әлеуметтік желілерінен ала алады.





