Ведомство дерегінше, қаскүнемдер өздерін компаниялардың, мемлекеттік органдардың және жоғары оқу орындарының басшылары ретінде таныстырып, азаматтарға хабарласады.
Алаяқтар жалған аккаунттар мен телефон нөмірлерін пайдаланып, адамдарға қоңырау шалып немесе мессенджерлер арқылы байланысқа шығады. Олар деректердің таралуы немесе қаржының ұрлану қаупін алға тартып, жағдайды әдейі күрделендіріп көрсетеді. Осылайша жедел әрекет етуді талап етіп, психологиялық қысым жасайды.
Кейін жәбірленушілерге «мамандар» немесе «құқық қорғау органдарының қызметкерлері» хабарласатыны айтылып, олардың нұсқауларын бұлжытпай орындау талап етіледі.
Нәтижесінде алаяқтар азаматтарды ақшасын «қауіпсіз шоттарға» аударуға көндіреді. Қаражат аударылған соң, олар байланысқа шықпай қалады.
Министрлік қаскүнемдердің заманауи технологияларды, соның ішінде нөмірді ауыстыру мен дауысты өзгерту тәсілдерін қолданатынын атап өтті.
ІІМ ескертуінше, банктер мен мемлекеттік органдар қызметкерлері ешқашан телефон арқылы ақша аударуды талап етпейді.
«Азаматтарды бейтаныс адамдардың нұсқауларын орындамауға, кез келген ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеруге және күмәнді жағдай туындаса, дереу құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырамыз», – делінген хабарламада.





