Бұл – әскери қызметкерлердің еңбекақысын арттыруға бағытталған реформаның екінші кезеңі. Ақпаратқа сәйкес, алғашқы кезең 2025 жылы іске асырылған. Сол кезде офицерлердің жалақысы орта есеппен 20,3 пайызға, ал қатардағы және сержанттық құрамның айлығы 33,9 пайызға өскен.
Сонымен қатар 2025 жылы әскери қызметкерлерді әлеуметтік қолдау шаралары да кеңейтілді. Атап айтқанда, тұрғын үймен қамту, білім беру мүмкіндіктерін арттыру және әскери қызметкерлердің отбасыларын қолдау бағытында бірқатар өзгеріс енгізілген.
Бұған қоса, бұрын тоқтатылған далалық төлемдер қайта берілді. Енді әскерилерге оқу-жаттығулар мен жорықтарға қатысқан әр күні үшін 1,2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақы төленеді.
Билік өкілдерінің мәліметінше, қабылданып жатқан бұл шаралар әскери қызметтің беделін арттыруға, кадрлық әлеуетті нығайтуға және әскерилердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған.





