Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова өзінің Instagram парақшасында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, биылдан бастап құжат қабылдау мерзімі қайта қаралған. Бұған дейін өтініштер 1 сәуірден бастап қабылданса, енді жаңа тәртіп бойынша қабылдау 27 мамырдан басталып, 31 тамызға дейін жалғасады.
«Бұл өзгеріс құжат тапсыру процесін сапалы әрі тиімді ұйымдастыру мақсатында енгізілді. Бұған дейін қабылдау кезеңі мектептердегі оқу процесімен қатар жүріп, педагогтер мен мамандарға қосымша жүктеме түсіретін», – деді министр.
Ведомство мәліметінше, жаңа мерзімдер ата-аналар мен болашақ бірінші сынып оқушылары үшін анағұрлым қолайлы болмақ.
Сондай-ақ қазіргі уақытта қабылдау жүйесі бірнеше рет тестілеуден өтіп жатқаны, барлық ата-аналардың мүддесін ескеретін ыңғайлы кесте әзірленгені айтылды. Қосымша ақпарат кейінірек жарияланады.
Айта кетейік, бұған дейін оқушыларды бір мектептен екіншісіне ауыстыру қағидаларына да өзгерістер енгізілген болатын.





