Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновтың айтуынша, заң жобасының нормалары жаңартылған Конституция талаптарына сәйкестендірілген.
Оның сөзінше, құжатта Алатау қаласы мен қала маңындағы аумақта арнайы құқықтық режимді қолдану мүмкіндігі нақты айқындалған. Кәсіпкерлік пен инвестицияны ынталандыруға бағытталған бірқатар жаңа ұғымдар енгізілген.
«Заңда “Алатау қаласының басым салалары”, “бизнес-лицензия”, “реттеуші рұқсат”, “салықтық преференция” сияқты жаңа түсініктер бекітілді. Бизнес-лицензия қала аумағында қызмет көрсетуге құқық беріп, кәсіпкерлік қызметтің түрлері мен шарттарын айқындайды», – деді депутат.
Сондай-ақ инвестициялық жобалар бойынша салық режимінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін «қаржылық тұрақтылық» және «ашықтық» қағидаттары күшейтілген. Енді инвестициялық міндеттемелер, берілген жеңілдіктер мен преференциялар туралы ақпарат ашық қолжетімді болады.
Бұдан бөлек, заң аясында қалалық шаруашылықтың барлық салалары бойынша деректерді біртұтас цифрлық платформада жинақтау көзделген. Бұл абаттандыру, көлік, инженерлік және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздік жүйелерін қамтиды.
Депутаттардың айтуынша, кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғауға ерекше мән берілген. Жаңа нормаларға сәйкес, бизнес субъектілерін тек Бас прокуратура органдары ғана тексере алады. Бұл іскерлік ортада тұрақтылық пен болжамдылықты арттыруға бағытталған. Салықтық преференцияларды Қазақстанның басқа аумақтарындағы бизнесті қолдауға пайдалану мүмкіндігі шектелген. Бұл ретте заң жобасы халықаралық тәжірибеге, соның ішінде Қытайдағы Шэньчжэнь арнайы экономикалық аймағының моделіне сүйене отырып әзірленген.
Құжатта бюджет қаражатының жұмсалуына бақылауды күшейтуге қатысты түзетулер де қарастырылған. Енді Алатау қаласы әкімдігінің бюджетті орындау туралы есебі Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның жылдық есептерінің құрамына енгізіліп, Қазақстан Республикасының Құрылтайына ұсынылады.
Сондай-ақ әкімдік бюджетінің орындалуы және қаланың даму барысы туралы есептерді интернет-ресурстарда жариялау міндеттеледі.
Бұдан бөлек, әкімдік пен оның жоғарғы басқару органы – Кеңестің құқықтық мәртебесі нақтыланды. Алатау қаласының арнайы құқықтық режиміне қатысты негізгі шешімдер енді осы Кеңес арқылы қабылданады.
Заңда әкімдік қызметкерлерінің, сондай-ақ қала әкімінің және оның орынбасарларының жауапкершілігі де бекітілген. Сонымен қатар әкімдік актілерін сот тәртібімен шағымдану мүмкіндігі қарастырылған.
Қала инфрақұрылымын дамытуда инклюзивті орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Универсалды дизайн қағидаттарын енгізу арқылы мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімді орта құру көзделген.
Депутаттардың айтуынша, қабылданған заң Алатау қаласының инвестициялық тартымдылығын арттырып, оның қарқынды дамуына жаңа серпін береді.





