ОСК мәліметінше, сайлаушылардың тізімдерін азаматтардың тұрғылықты жері бойынша тиісті жергілікті атқарушы органдар жасайды. Тізімге дауыс беру күніне дейін 18 жасқа толған, белсенді сайлау құқығына ие және тиісті сайлау учаскесінің аумағында тұрақты тіркеуде тұрған Қазақстан Республикасының азаматтары енгізіледі.
Ал уақытша тіркеуде тұрған азаматтар жергілікті атқарушы органға өтініш беру арқылы сайлаушылар тізіміне енгізіле алады. Ол үшін өтінішті дауыс беру күніне дейін 30 күннен кешіктірмей, яғни 2026 жылғы 23 шілдеге дейін тапсыру қажет.
Бұл ретте әкімдік азаматты өзі дауыс беретін сайлау учаскесінің тізіміне енгізіп, бұрынғы тіркелген жеріндегі сайлаушылар тізімінен шығаруды қамтамасыз етеді. Заңнамаға сәйкес, әрбір азамат тек бір ғана сайлаушылар тізіміне енгізіледі.
Сонымен қатар 2026 жылғы 7 тамыздан бастап сайлаушылар өздерінің тиісті сайлау учаскесінің тізімінде бар-жоғын әкімдіктің ресми интернет-ресурсы немесе байланыс орталығы арқылы тексере алады.
Орталық сайлау комиссиясы азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында электрондық сервистер арқылы сайлау учаскесі туралы ақпарат беру жүйесі де іске қосылатынын хабарлады.
ОСК қазақстандықтарды сайлау процесіне белсенді қатысуға шақырып, «Жаңару үшін дауыс бер!»үндеуін жариялады.


