БҚО полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанболат Жаншиннің брифингте мәлім еткеніндей, күдіктілер бүгін шамамен 10:30-да «Көктем» саяжайында тығылып жатқан жерінен қолға түсті.
«1991 және 2001 жылғы күдіктілер қашуға тырысқанымен, полицейлерден құтылған жоқ. Қылмыс болған күннен бері облыс бойынша кең ауқымда іздестіру жұмыстары жүргізілді. Оған Ұлттық ұлан жауынгерлері де ат салысты. Қазіргі кезде аталған қылмыстық іс ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігіне сәйкес қайта сараланды. Бұл бап бойынша айыпты деп танылған адам 20 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қылмыстық істі ҚР Ішкі істер министрлігі бақылауға алды», — деді Жанболат Жаншин.
Еске салайық, Оралда бірнеше жерден пышақ жарақатын алған ер адамның мүрдесі табылып, күдіктілерге іздеу жарияланған болатын. 49 жастағы кәсіпкер Еркін Мұханғалиев “Гүлчатай” және “Махаббат” кафелерінің иесі болған.
Бұдан кейін БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі куәгерлердің сөзіне сүйеніп, кәсіпкерді өлтіруге төленбеген жалақы себеп болған деп жариялады.