Облыс әкімдігінің мәліметінше, биыл «Алатау дарыны» бағдарламасы және екі ел арасындағы меморандум аясында Шыңжаң университетінде 27 түлек тегін білім алып жатыр. Ал өткен жылы ұсынылған 30 түлектің 12-сі грант иегері атанған.
Кездесу барысында өңір басшысы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин арасындағы стратегиялық әріптестіктің арқасында екі ел арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.
«Алатау дарыны» бағдарламасының негізгі мақсаты – дарынды жастарды анықтап, олардың шетелдің үздік оқу орындарында білім алуына мүмкіндік жасау. Бүгін білім алып жүрген жастар – елге оралып, өңірдің дамуына үлес қосатын болашақ мамандар», – деді әкім.
Сондай-ақ Алматы облысында академиялық және ғылыми қалашық құру жоспарланып отырғаны, онда отандық және қытайлық жоғары оқу орындарының филиалдары ашылатыны айтылды. Бұл өз кезегінде білікті, көптілді мамандарға сұранысты арттырмақ.
Кездесу барысында студенттер де өз пікірлерін білдірді. Шыңжаң медициналық университетінің студенті Інжу Тұражан Қытайдағы білім беру сапасының жоғары екенін, заманауи зертханалар мен тәжірибелік мүмкіндіктер кәсіби дамуына үлкен ықпал етіп жатқанын атап өтті.
Айта кетейік, алдағы уақытта Алматы облысының жастарына шетелде білім алу мүмкіндігі кеңейе түседі. Биыл Шыңжаң, Цинхай және Шаньдун университеттері 45 талапкерге грант бөлуді жоспарлап отыр.





