Қазір Алматы облысында 24 мектеп үш ауысымда жұмыс істейді. Оның 16-сы халық саны қарқынды өсіп келе жатқан Іле ауданында орналасқан.
Мәселен, Өтеген батыр ауылындағы жарты ғасырдан астам тарихы бар №7 орта мектеп 1 176 оқушыға арналған. Алайда бүгінде мұнда 2 500-ден астам бала білім алады. Орын тапшылығына байланысты тоғыз бастауыш сынып үш ауысымда оқуға мәжбүр.
Мектеп директоры Жәмилә Төлегенованың айтуынша, үшінші ауысымдағы сабақтар кешкі сағат 18:30-да аяқталады. Бұл әсіресе қыс мезгілінде балалардың қауіпсіздігіне қатысты ата-аналар мен мұғалімдердің алаңдаушылығын туғызып отыр.
Іле ауданы әкімінің орынбасары Асқар Садықовтың айтуынша, жаңа білім беру мекемелерін салу үшін ауданда он жер учаскесі дайындалған.
«Биыл Өтеген батыр, Байсерке және Жайнақ ауылдарында әрқайсысы 900 орындық үш мектептің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Нәтижесінде аудандағы үш ауысымды мектептердің саны 16-дан 8-ге дейін қысқарады», – деді аудан әкімінің орынбасары.
Соңғы төрт жылда Алматы облысында 75 жаңа мектеп пайдалануға берілген. Оның 26-сы «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған. Биылғы оқу жылында Нұрғиса Тілендиев және Мұхамеджан Түймебаев ауылдарында да жаңа мектептер оқушыларды қабылдады.
Сонымен қатар 2027 жылы Қарасай, Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарында үш ауысымды оқыту мәселесін толық шешу жоспарланып отыр.





