«Базалық зейнетақы төлемін басқаша есептеу тәсілімен келісеміз. Біздің ұсынысымыз, біріншіден, зейнетақы ең төменгі еңбекақының 60 пайызына тең болуы керек. Екіншіден, бұл — сарапшылардың ұсынысы, яғни зейнетақы қорынан жинақты ерте шешіп алуды тоқтату, біз мұнымен де келісеміз. Себебі қазір ерте шешіп алғандардың зейнетақысы 34 мың теңгеден аспайды. Сондықтан оны доғару керек», — деді Светлана Жақыпова Үкімет отырысынан соң.
Министр зейнетақы қорындағы 3 трлн теңгеден аса қаржы мерзімінен бұрын алынғанын жеткізді.
«1,5 млн адам зейнетақы төлемдерімен қамтылды, 3 трлн теңгеден аса қаржы зейнетақы қорынан шығарылды. Ол қаржыға адамдар үй жағдайын жақсартты, емделді. Сондықтан бұл қаржыны бекер жұмсалды деуге де болмайды», — деді ол.