Вице-министрдің айтуынша, 23–30 қыркүйек аралығында еліміздің астықты аймақтарында егін жинау жұмыстарына қолайсыз ауа райы күтіледі.
«Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының басым бөлігінде аталған кезең бойы жаңбыр жауады. Ақтөбе облысында 26–30 қыркүйек күндері жауын-шашын күтілсе, Батыс Қазақстан облысында 25–29 қыркүйек аралығында жаңбыр болады. Қарағанды және Ұлытау облыстарында 23, 27 және 30 қыркүйекте, Павлодар облысында 23–25 және 28–30 қыркүйекте жауын жауады. Шығыс Қазақстанда 23–24 және 29–30 қыркүйекте жаңбыр күтіледі, – деді Шәрбиев.
Сондай-ақ ол жауын-шашын күндері қатты жел соғатынын атап өтті.
«23 пен 30 қыркүйек аралығында күндізгі және түнгі ауа температурасы біртіндеп төмендеп, түнде аяз түсуі мүмкін», – деп ескертті вице-министр.
Қазан айының орташа айлық температурасы елдің басым бөлігінде қалыпты деңгейде сақталады. Дегенмен батыс, оңтүстік-батыс және оңтүстік өңірлерде ауа райы әдеттегіден жылы болады деп күтілуде.
Сонымен бірге вице-министрдің айтуынша, қазан айында батыс, солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыстағы таулы аймақтарда жаңбыр жиі жаууы мүмкін.





