Брифинг барысында журналистер Президентке конституциялық реформаның дайындалу мерзіміне қатысты сұрақ қойды. «Время» газетінің тілшісі Тоғжан Ғани әлемдік тәжірибеде конституциялық реформалар әдетте ұзақ уақытқа созылатынын атап өтіп, Қазақстанда жаңа Конституция жобасын дайындау мен талқылауға салыстырмалы түрде қысқа уақыт жұмсалғанын, бұл мәселе халықаралық байқаушылар тарапынан да сынға алынғанын айтты.
Өз кезегінде Мемлекет басшысы жаңа Конституция жобасы бір күнде дайындалмағанын, бұл жұмыс бірнеше жылдан бері жүргізіліп келе жатқанын жеткізді.
«Бұған дейін айтқанымдай, Конституция жобасын әзірлеу жұмыстары біраз уақытқа созылды. 2022 жылы Конституцияға өзгерістер енгізілгені өздеріңізге мәлім. Сол кездің өзінде жаңа Конституция қабылдауға болар еді. Бірақ біз ондай қадамға бармадық. Дегенмен жаңа Конституция қабылдау туралы идея пайда болды. Шамамен екі жыл бұрын іске кірістім. Елімізге жаңа Конституция қабылдау керек деген ұйғарымға келдім. Қазақстан, ең алдымен, зайырлы мемлекет болуға тиіс», – деді Президент.
Мемлекет басшысы жаңа Конституция елдің одан әрі дамуына жол ашатынына сенім білдірді.
«Бұл Конституция елімізді ілгерілететініне ешқандай күмәнім жоқ. Біз көштен қалмай, прогрестің алдыңғы шебінде жүруіміз керек. Озық ел болсақ, басқа мемлекеттер бізге құрметпен қарайды. Ел тағдыры өз қолымызда. Сол үшін табанды еңбек ету керек. Алдымызда тұрған ең үлкен мақсат – осы», – деді ол.





