Ведомство мәліметінше, үндеу «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 40-бабына сәйкес жарияланған. Онда сайлау науқаны барысында үгіт жүргізу тәртібі, қайырымдылық акцияларын өткізуге қойылатын шектеулер, жалған ақпарат тарату және қоғамдық пікірге сауал салу талаптары жан-жақты түсіндірілген.
Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегеновтің айтуынша, Мемлекет басшысының 2026 жылғы 1 шілдедегі Жарлығына сәйкес Құрылтай депутаттарының сайлауы 23 тамызға тағайындалған. Ал сайлауды ұйымдастыру мен өткізу тәртібі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңмен және Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспармен реттеледі.
Осы жоспарға сәйкес, 2–23 шілде аралығында саяси партиялардың партиялық тізімдерін ұсыну және тіркеу кезеңі өтеді. Ал ресми сайлауалды үгіт 23 шілде күні сағат 18:01-де басталып, 22 тамыз сағат 00:00-ге дейін жалғасады.
Осыған байланысты Бас прокуратура партиялық тізімдерді тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін қандай да бір сайлауалды үгіт жүргізуге заңмен тыйым салынатынын еске салды. Мұндай талаптарды бұзу Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 102-бабына сәйкес жауапкершілікке әкеледі.
Соған сәйкес, партиялық тізімді тіркеу аяқталғанға дейін қандай да бір сайлау алдында үгiт-насихат жүргізуге болмайды.
«Жөнсіз үгітке сайлаушыларға тегiн немесе жеңiлдiк шарттарымен тауар, бағалы қағаз беру, қызмет көрсету, лотерея, қайырымдылық акцияларын өткiзу, ақша төлеу не осындай уәде беру жатады. Бұл үшін жауапкершілік қарастырылған», – делінген ақпаратта.
Сондай-ақ сайлау тағайындалған кезден бастап кандидаттарға, партиялық тізімдерді ұсынған саяси партияларға, сонымен бірге олардың атынан немесе оларды қолдап кез келген жеке және заңды тұлғаларға қайырымдылық іс-шараларын өткізуге тыйым салынады.
«Кандидаттың, партиялық тізімді ұсынған саяси партияның, сондай-ақ олардың сенім білдірілген адамдарының жоғарыда көрсетілген талаптарды бұзуы кандидатты немесе партиялық тізімді тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға әкеп соғады», – делінген ақпаратта.
Сонымен қатар жала жабу, басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер таратқандарға да әкімшілік жаза қарастырылған.





