Форум барысында Бас прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев инвестицияларды қорғаудың жаңа моделін қалыптастыру тәжірибесі туралы баяндама жасады.
Ол қазіргі таңда капитал үшін жаһандық бәсеке күшейген жағдайда құқықтық болжамдылық, ашықтық және мемлекеттік институттарға деген сенім тұрақты экономикалық өсімнің негізгі факторына айналғанын атап өтті.
«Қазақстан инвесторлар үшін қолайлы әрі болжамды орта қалыптастыруды жүйелі түрде жалғастырып келеді. Бүгінде біз бизнеске тек ашық жұмыс шарттарын ғана емес, сонымен қатар нақты құқықтық қорғау тетіктерін ұсынамыз. Әрбір инвестициялық жобаның артында заң кепілдігі мен мемлекеттің жауапкершілігі тұруы тиіс», — деді Жандос Өмірәлиев.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2024 жылдан бастап прокуратура органдары маңызды инвестициялық жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде сүйемелдеу жұмыстарын жүргізіп келеді.
Осы уақыт ішінде прокурорлар 2 мыңнан астам инвестордың құқығын қорғап, әкімшілік кедергілерді жоюға ықпал еткен. Нәтижесінде 270 инвестициялық жоба іске қосылып, шамамен 30 мың жаңа жұмыс орны ашылған.
Форумда институционалдық реформаларға да ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Президент Жарлығымен 2025 жылғы желтоқсанда Бас прокуратура жанынан Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылғаны айтылды. Сонымен қатар Бас прокурорға Инвестициялық омбудсмен функциялары берілген.
«Комитеттің құрылуы инвестициялық жобаларды іске қосудан бастап олардың толыққанды жұмыс істеуіне дейін инвесторларды нақты құқықтық қорғау жүйесін қалыптастырудағы маңызды қадам болды», — деді Бас прокурордың бірінші орынбасары.
Қазіргі таңда прокуратура органдары 36 елден келген шетелдік серіктестердің қатысуымен жалпы құны шамамен 200 миллиард АҚШ долларын құрайтын 3 мыңға жуық инвестициялық жобаны сүйемелдеп отыр.
Форум қатысушыларына инвестициялық жобаларды бақылауға арналған цифрлық құралдар да таныстырылды. Бұл жүйе тәуекелдер мен кідірістерді, сондай-ақ проблемалық мәселелерді нақты уақыт режимінде анықтауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті жанынан мемлекет пен бизнес арасындағы диалог алаңы құрылғаны айтылды. Бұл алаң дауларды сотқа дейін реттеуге бағытталған.
Сөз соңында Жандос Өмірәлиев инвестицияларды қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп, инвестициялық ахуал мен бизнестің құқықтық қауіпсіздігі мәселелері бойынша серіктес елдердің тұрақты сараптамалық платформасын құруды ұсынды.
Форум аясында қазақстандық делегация Ресей мен Әзербайжан өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізді. Қазақстанның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетін құру және инвестициялық жобаларды прокурорлық сүйемелдеу тәжірибесі шетелдік серіктестердің ерекше қызығушылығын тудырды.





