«Өнеркәсіпті дамыту қоры екі банкке жеңілдетілген автонесиелеуді қаржыландыруды мемлекеттік бағдарлама бойынша 17,5 млрд теңге көлемінде транш бөлді. Мәселен, Еуразиялық банкке 10 млрд теңге және Халық банкіне 7,5 млрд теңге», — деп хабарлады қор.
Осылайша, бүгінгі таңда мемлекеттік бағдарлама аясында қатысушы банктерге 90 млрд теңге берілді:
Еуразиялық банк — 25 млрд теңге;
Банк Центр Кредит — 27,5 млрд теңге;
Халық банк – 22,5 млрд теңге;
Forte Bank — 15 млрд теңге.
Қаржыландырудың жалпы сомасы — «Жасыл Даму»АҚ қаражатынан 100 млрд теңге.
«Бөлінген траншты игергеннен кейін, қалған 10 млрд теңге көлеміндегі лимит Еуразиялық банкке бөлінеді», — деп атап өтті қор.
Осы сома көлемінде автокредит алуға өтінімдерді тек Еуразиялық банк пен Халық банкі қабылдайды. Бағдарламаға қатысушы қалған банктер бөлінген лимиттерді толық игерді.
Жаңа автокредиттерді несиелеу, қатысушы банктер бастапқы қарыз алушылар қайтаратын кредиттік төлемдер есебінен жүзеге асыратын болады.
Белгілі болғандай, мамыр айында Қазақстанда жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы басталды. Оның шарттарының бірі — отандық өндірісті сатып алу. Несие 7 жылға дейін 10 млн теңгеден аспайтын сомаға беріледі.