Санақ қорытындысы бойынша қала тұрғындарының үлесі 5 пайыздық тармаққа өсті, 56,1%-дан 61,2% дейін. Тиісінше, ауыл халқының үлесі 43,9%-дан 38,8% дейін азайды.
«Қала халқының саны 2,7 млн-нан астам адамға артты. Өткен 12 жыл ішінде қала халқының ең жоғары өсімі еліміздің 6 өңірінде – Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарында байқалды. Ең урбанизацияланған аймақ – Қарағанды облысы, онда халықтың 80% — қала тұрғындары (1 млн-нан астам адам)», — делінген ведомство дерегінде.
Республикалық маңызы бар қалалар бойынша, санақ кезінде Астанада 1,23 млн адам тұрды, елорда халқы 12 жылда 2 есе өсті. Алматыда халық саны 2,03 млн, мегаполис тұрғындарының саны 580,6 мың адамға артты. Шымкент қаласының халқы 1,1 млн тұрғынды құрап, 381,6 мың адамға өсті.
Айта кетейік, екі санақ аралығындағы кезеңде аталған қалалардың әрқайсысында қосымша бір-бір ауданнан құрылды.
Халқы 50 мыңнан 99,9 мың адамға дейінгі қалалар саны 8-ден 14 бірлікке дейін өсті.