Филиал Халықаралық Астана университетінің базасында жұмыс істейді және қазақстандық студенттерге Қытай Халық Республикасындағы жетекші университет стандарттары бойынша Қытай тілі мен мәдениеті бойынша толыққанды білім алуға мүмкіндік береді. Оқу процесі Қытайдан арнайы шақырылған профессор-оқытушылар құрамының қатысуымен жүргізіледі.
Бейжің тіл және мәдениет университетінің президенті Пен Дуань бұл оқиғаның стратегиялық мәніне тоқталды.
«Тіл мен мәдениет – мемлекеттерді жақындастыратын көпір. 2024 жылы Орталық Азияда алғашқы қытай тілін оқыту орталығының ашылуы – екі елдің сенімі мен өзара түсіністігінің нәтижесі. Бұл жоба Қазақстан Президентінің жеке назарымен жүзеге асты», – деді ол.
Қазақстан Үкіметі жаңа білім орталығында оқуға 80 грант бөлді. Бұл – Қытай бағытында білікті мамандар даярлауға басымдық беріліп отырғанын көрсетеді.
Филиалда білім алушылар қытай тілін қазақ немесе орыс тілімен қатар меңгеріп, дипломатия, халықаралық бизнес, мәдени байланыстар, аударма ісі және экономикалық серіктестік салаларында жұмыс істей алады.
Өзара ынтымақтастықтың маңызды бөлігі – Қытай университеттерінде қазақ тілі мен мәдениеті бағдарламаларының ашылуы. Бүгінде бес ірі жоғары оқу орнында (Бейжің, Сиань, Шанхай, Далянь шетел тілдері университеттері және ҚХР Орталық Ұлттар университеті) қазақ тілі пәні оқытылады.
Бұл бағдарламалар Қазақстан тарапынан қолдау тапқан және екі ел арасындағы мамандар алмасуын нығайтуға бағытталған.
Қазақстан делегациясының ҚХР-ға сапары аясында Бейжіңде Қазақстанның Мәдени орталығы ашылды. Жаңа алаң мәдени, ғылыми және жастар бағытындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Пен Дуань бұл бағыттағы жұмысты жоғары бағалай келе:
«Сапалы білім – табысты дипломатия мен стратегиялық серіктестіктің негізі. Қазақстан мен Қытай арасындағы жаңа білім орталықтары елдеріміздің болашақ мамандарын тәрбиелейді», – деп атап өтті.






