Отбасың мен өзіңе дуа жасалды деп балгер оны жыл бойы «тазалаған».
«Балгерге жәбірленуші өзі жүгінген. Ол отбасыңды және өзіңді дуалаған, оны тазалаймын деп әр сеансына ақша алып отырған. Осылайша жәбірленуші барлығы 60 млн теңге жұмсаған», — дейді Сарыарқа ауданы ПБ тергеу бөлімінің бастығы Талғат Жолдасов.
Психологтардың айтуынша бақсы-балгерлерге көбінесе үрейге бой алдырған адамдар барады. Бойдағы қорқынышты сейілтіп, уақытша болса да күйзелісті жеңу үшін олардың «болжамдарын» тыңдайды. Өйткені ондай адамдар белгісіздіктен қатты қорқады.
«Күйзелісте жүрген адам жақсы жаңалық естігісі келеді. Өйткені өзінде мотивация жоқ. Сондықтан барады. Ал балгер оған қалағанын айтады. Бар болғаны осы», — дейді психолог Динара Ибрагимова.
Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде тарологтар мен көріпкелдердің жарнамасынан көз сүрінеді. Олар болашақты тікелей эфирде де, мессенджерлерде жеке хат алмасу арқылы да болжайды. Ал ақысын карта арқылы алады.