Алматының есірткі қылмысымен күресушілерінің назарына 20 жастағы М. есімді азамат пен 21 жастағы А. есімді азаматша түсті. Оларды қаланың Түрксіб ауданындағы Майлин көшесінде ұстады.
«Күдіктілердің қолында бірнеше пакет болды, оның ішінде өсімдік тектес заты бар 120-дан астам бума және шөпті дозаға бөліп, орауға арналған жабдық бар. Тәркіленген заттай айғақтар бойынша сот-химиялық сараптама тағайындалды. Жұптың тек есірткі таратумен ғана емес, өндірумен де айналысатыны анықталды. Соңғы іс-әрекеттерінде олардың сыбайластары бар. Олар да жұп. Ер адам 35 жаста, оның құрбысы әрі «әріптесі» небәрі 23-те. Олар Алматы облысы Талғар ауданы аумағындағы өз үйінде қылмыстық өндірісті бастаған. Осы мақсатта тұрғын бөлмелердің бірін пайдаланған. Ол жерде жұп өз аймақтарында өсірілген шикізатты өңдеген», – деді Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов.
ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігінде көзделген қылмыс белгілері бойынша есірткі зертханасының жұмысында пайдаланылған құралдар, дайын шикізат, бұталар тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына тіркелді.
«Сонымен қатар, сот-химиялық сараптамаға нашақорлар арасында «саңырауқұлақ» деп аталатын сұр зат жіберілді. Ал күдіктілер қамауға алынды. Есірткі зертханасы жойылды. Қазіргі уақытта әшкереленген есірткі сатушылардың тұрақты «клиенттерінің» шеңбері құрылып жатыр», – деді Ерлан Әлмағамбетов.