Айбар Қайым финалдық кездесуде Түркия өкілімен кездесті. Тартысты өткен жекпе-жек нәтижесінде қазақстандық спортшы күміс жүлдеге ие болды.
Олимпиада финалына дейін Айбар бірнеше мықты қарсыласты жеңіп, ширек финалда болгариялық Никола Мейцовтан 15:10 есебімен басым түссе, жартылай финалда Сингапур өкілі Эштон Оуды 15:13 есебімен жеңді.
Жас семсерлесуші бұған дейін де халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп жүрген спортшылардың бірі. 2025 жылдың қыркүйегінде Үндістанда өткен кадеттер арасындағы Азия кубогында жеңімпаз атанды. Сол жылдың қарашасында Ташкентте, желтоқсанында Германияда ұйымдастырылған Әлем кубогының кезеңдерінде алтын медаль иеленді.
Сондай-ақ спортшының қоржынында 2025 жылы Кувейтте және 2026 жылы Индонезияның Джакарта қаласында өткен кадеттер арасындағы Азия чемпионаттарының қола жүлделері бар.
Айбар семсерлесумен бес жыл бұрын Алматы облысының Жамбыл ауданында айналыса бастаған. Қазір ол К. Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде білім алады.
Спортшының жаттықтырушысы Медет Ибрагимов шәкіртінің еңбекқорлығын, тәртіптілігін және мақсатқа ұмтылысын ерекше атап өтеді. Бапкердің айтуынша, семсерлесуде физикалық дайындықпен қатар психологиялық тұрақтылық та маңызды. Әсіресе шешуші сәттерде эмоцияны басқарып, сабыр сақтай білу жеңіске жетуде үлкен рөл атқарады.
Дакардағы жасөспірімдер Олимпиадасының күміс жүлдесі – Айбар Қайымның спорттық мансабындағы маңызды жетістік әрі Қазақстан семсерлесу спортының халықаралық аренадағы кезекті табысы.





