Мемлекет басшысының айтуынша, облыстың даму қарқыны жаман емес және өңірде жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
«Негізі, облыстың даму қарқыны жаман емес. Тиісті жұмыс істелуде», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәліметінше, өткен жылы Алматы облысының өңірлік жалпы өнімі 6,7 триллион теңгеге жетіп, 5,4 пайызға өскен. Ал биылғы қаңтар-сәуір айларындағы қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіш бойынша облыс республикада бесінші орында тұр.
Президент инвестиция тарту жұмыстарының белсенді жүргізіліп жатқанын да атап өтті.
«Жыл басынан бері облыс экономикасына 266,2 миллиард теңге инвестиция салынды», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар6 өңірде өнеркәсіп саласы да оң өсім көрсетіп отыр. Президенттің айтуынша, өнеркәсіп өндірісінің көлемі шамамен 900 миллиард теңгеге жеткен.
Алайда Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешеніндегі мүмкіндіктердің әлі толық пайдаланылмай отырғанына назар аударды.
«Бірақ аграрлық сектордың әлеуеті әлі де толық игерілмей жатыр. Биылғы төрт айдың нәтижесі бойынша ауыл, орман және балық шаруашылығының нақты көлем индексі 101,2 пайыз болды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өңір экономикасының негізгі драйверлерінің бірі саналатын ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін тиімді пайдалану маңызды екенін атап өтті.





