Жоба аясында Қарасай, Бірлік және Үшбұлақ ауылдарындағы 179 үйді интернетке қосуға мүмкіндік жасалды. Жақында аталған елді мекендердің тұрғындарымен телекөпір ұйымдастырылып, цифрлық инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды.
Ауылдарды интернетпен қамту жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Жоспар бойынша 2027 жылдың соңына дейін еліміздегі 3 мыңнан астам ауыл жоғары жылдамдықты интернетке қосылуы тиіс.
Жобаның басты мақсаты – қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті азайтып, шалғай елді мекен тұрғындарына заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін қолжетімді ету.
Атап айтқанда, сапалы интернет мұғалімдерге білім беру ресурстарын тиімді пайдалануға, дәрігерлерге науқастардың мәліметтеріне электронды жүйе арқылы жедел қол жеткізуге, ал оқушыларға онлайн білім алуға мүмкіндік береді.
Елімізде ірі дата-орталықтар салынып, жасанды интеллект технологиялары дамып, суперкомпьютерлер іске қосылып жатқан кезеңде ауыл тұрғындарының да цифрлық мүмкіндіктерге тең қол жеткізуі маңызды.
Алматы облысында алдағы уақытта тағы 60 ауылды интернетпен қамту көзделіп отыр. Бұл жұмыстар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартып, білім беру, денсаулық сақтау және басқа да салалардағы цифрлық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.





