Аудан әкімінің айтуынша, аспалы шыны көпірдің құрылысы «ASK Capital» ЖШС бастамасымен жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі уақытта көпірдің тірек қадаларына арналған 16 арматуралық қаңқа дайындалған. Тереңдігі 25 метр болатын 16 қаданы орнату үшін бұрғылау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келесі кезеңде тіректерді орнату, бетондау және көпір конструкцияларын монтаждау жоспарланған.
«Жоба толық іске қосылған жағдайда жылына 400–600 мың туристі қабылдау мүмкіндігі болады. Аспалы көпірдің құрылысын 2026 жылдың төртінші тоқсанында, ал оған іргелес өзге нысандардың құрылысын 2027 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқтау жоспарланып отыр», – деді Таңат Айдарбеков.
Сонымен қатар Қара шатқалда туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған тағы бір инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. «Қара шатқал» ЖШС қолға алған жоба аясында тамақтану орны, фотосуретке түсуге арналған алаң, әткеншек және шатқалды тамашалауға мүмкіндік беретін арнайы шолу алаңдары пайдалануға берілген. Бүгінге дейін аталған жобаға 300 млн теңге инвестиция салынған. Ал жобаның жалпы инвестициялық құны 1 млрд теңгеге жетпек.
Жаңа туристік нысандардың іске қосылуы Қара шатқалдың туристік тартымдылығын арттырып, Кеген ауданында туризм саласының дамуына серпін береді деп күтілуде.





