Жоба облыстық прокуратураның мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің өндірістік базасын кеңейту және сотталғандарды жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстары аясында жүзеге асырылды.
«NovaNex» ЖШС өз қаражаты есебінен түзеу мекемесінің аумағында жалпы ауданы 900 шаршы метр болатын модульдік өндірістік ғимарат орнатқан. Мұнда сорғы станциялары мен қазандықтарға арналған блокты модульдер шығарылатын болады.
Инвестор тұрақты тапсырыстар мен өнім өткізу арналары болған жағдайда өндіріс көлемін одан әрі ұлғайтуды көздеп отыр. Атап айтқанда, 2027 жылдың бірінші жартыжылдығында қосымша ғимараттар салынып, өндірістік алаңның аумағын 1200 шаршы метрге дейін кеңейту жоспарланған.
Жаңа өндіріс орнының ашылуына Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшылығы, облыс әкімдігі мен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.
Аталған жобаның жүзеге асырылуы сотталғандардың ақылы жұмыспен қамтылып, тұрақты табыс табуына және қылмыс салдарынан келтірілген залалды өтеуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар олар жаңа кәсіби дағдыларды меңгеріп, бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға бейімделуге қажетті еңбек тәжірибесін жинақтай алады.





