Музейдің құрылысы Іле Алатауындағы Oi-Qaragai тау курортының аумағындағы жаңа Aqtas туристік аймағында жүргізіліп жатыр. Этномәдени бағыттағы нысан Алматы тау кластерінің басты туристік орындарының біріне айналады деп күтілуде.
Oi-Qaragai тау курортының PR бөлімінің басшысы Максим Козловтың айтуынша, Aqtas инвестициялық жобасы аяқталуға жақын. Қазіргі таңда негізгі инфрақұрылым нысандары дайын.
«Биыл Aqtas инвестициялық жобасы мәресіне жақындады деуге болады. Себебі инфрақұрылым нысандарының барлығы дайын, құрылысы аяқталған. Тек аз ғана жұмыс қалды. Бірақ сол қалған жұмыстың ең ауқымдысы – музей құрылысы. Ол теңіз деңгейінен 2140 метр биіктікте орналасады. Біздің білуімізше, бұл Орталық Азиядағы ең биік тауда орналасқан музей болмақ», – деді Максим Козлов.
Жобаны әзірлеу барысында халықаралық тәжірибе де ескерілген. Бүгінде Италия, Аргентина, Непал және Қырғызстанның таулы аймақтарында осындай музейлер жұмыс істейді.
Жаңа туристік аймақта қандай нысандар бар?
Aqtas туристік аймағында тау шаңғысы туризмін дамытуға басымдық берілген. Мұнда заманауи аспалы жол салынып, туристердің демалысына қажетті инфрақұрылым жасақталған.
Қазіргі уақытта аймақта 14 глэмпинг, екі мейрамхана, үш мәжіліс залы және премиум санаттағы апартаменттер бар. Алдағы уақытта Aqtas өзге туристік нысандармен аспалы жол арқылы байланыстырылмақ. Бұл туристер ағынын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар курортта экологиялық технологиялар енгізілген. Атап айтқанда, кәріз суларын қайта өңдеп, шаруашылық мақсатта пайдалану жүйесі қарастырылған.
Oi-Qaragai тау курортының техникалық бөлімінің басшысы Владимир Рудьтің айтуынша, курорт толық қуатында жұмыс істеген кезде тәулігіне 40–60 текше метр, кейде 80 текше метрге дейін су жиналады. Тазартылған су арнайы резервуарларда сақталып, кейін тау шаңғысы трассаларына жасанды қар төсеуге және көгалдарды суаруға пайдаланылады.
Жаңа музейдің ашылуы мен Aqtas туристік аймағының дамуы Алматы облысының туристік әлеуетін арттырып, өңір экономикасына оң әсер етеді деп күтілуде.





