Жиын облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев төрағалығымен ұйымдастырылды.
Отырыс барысында халықтың аз қозғалатын топтары үшін әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын бейімдеу, инклюзивті білім беруді дамыту, сондай-ақ мәдениет нысандары мен іс-шаралардың қолжетімділігін арттыру мәселелері қаралды.
Жиынға кеңес мүшелерімен қатар облыстық басқарма басшылары, аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің жетекшілері, үкіметтік емес ұйым өкілдері және арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының басшылары қатысты.
Ғани Майлыбаев мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын толық қамтамасыз ету басты міндет екенін атап өтті.
«Әрбір нысан – мемлекеттік мекеме болсын, білім беру ұйымы немесе мәдениет ошағы болсын – ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін толық қолжетімді болуы тиіс. Бұл бағытта формалды есеп емес, нақты нәтиже қажет», – деді ол.
Сондай-ақ бұл бағытта арнайы жұмыс тобы құрылып, өңірдегі барлық проблемалық мәселелер кезең-кезеңімен шешілетіні айтылды.
Отырыс қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар беріліп, ұсыныстар қабылданды.





