Мамандардың мәліметінше, егіс алқаптарының 51 пайызы, яғни 224 мың гектары суармалы жерлерге тиесілі. Бұл өңірде суармалы егіншіліктің маңызды рөл атқаратынын көрсетеді.
Егіс алқаптарының құрылымында дәнді дақылдар 175 мың гектарды алып жатыр. Оның ішінде жүгері 55,7 мың гектарға егіледі. Сонымен қатар майлы дақылдар 26,6 мың гектар жерге, картоп 9,7 мың гектарға, көкөністер 17,1 мың гектарға, ал бақша дақылдары 2,9 мың гектарға орналастырылады.
Мал азықтық дақылдар 206,6 мың гектар алқапқа себіледі. Бұдан бөлек, 25,2 мың гектар жерге күздік дақылдар алдын ала егілген.
Көктемгі дала жұмыстарына қажетті дайындық та жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта шаруалар 56 мың тонна тұқым дайындаған. Сондай-ақ 78,4 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланған.
Көктемгі және күзгі дала жұмыстарын қаржыландыру мақсатында «Кең дала» бағдарламасы аясында 10 миллиард теңге қарастырылған. Жеңілдетілген несие беру бағдарламасы бойынша бүгінде жалпы сомасы 3,5 миллиард теңгені құрайтын 28 өтінім қабылданған.
Егіс науқанына қажетті жанар-жағармай мәселесі де назарда. Шаруалар 5,4 мың тонна жеңілдетілген дизель отынына өтінім берген.
Сонымен қатар өңірде ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта облыста 13,8 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы бар. Оның 97 пайызы көктемгі дала жұмыстарына дайын. Биыл тағы 640 жаңа техника сатып алу жоспарланып отыр.
Аграрлық сала өкілдері көктемгі егіс науқанын белгіленген мерзімде әрі жоғары деңгейде өткізуге дайын екенін атап өтті.





