ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжановтің айтуынша, ел аумағында есірткі жеткізу және тарату арналары жүйелі түрде анықталып, олардың жолы кесіліп жатыр. Бұл жұмыстар «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жүргізіліп жатыр.
Ведомство мәліметінше, соңғы уақытта есірткі қылмыстарына жақын туыстардың тартылу фактілері жиілеп, так называемые «отбасылық схемалар» қалыптаса бастаған.
Атап айтқанда, Алматы қаласында екі ағайынды шамамен бір келі синтетикалық альфа-PVP есірткісін тасымалдау кезінде ұсталды. Бұған дейін сотталған ағасы інісін қылмысқа тартқаны анықталған. Тінту барысында күдіктілерден қару мен оқ-дәрілер тәркіленді.
Ал Алматы облысында тағы бір екі ағайынды ұйымдастырған фитозертхана жойылды. Жалға алынған үйде кейін өткізу мақсатында аса ірі көлемде марихуана өсірілген. Тәркілеу кезінде жалпы салмағы 61 келі болатын 102 түп марихуана өсімдігі, сондай-ақ жарықдиодты фитошамдар, желдету жүйелері және өзге де арнайы жабдықтар табылған.
Сонымен қатар, Алматы қаласының бір тұрғыны әпкесінің сенімін пайдаланып, оның пәтерінде есірткі қаптаумен айналысқан. Ұстау кезінде 100-ден астам zip-lock пакет және шамамен 500 грамм мефедрон тәркіленді.
ІІМ дерегінше, сәуір айының алғашқы он күнінде заңсыз айналымнан бір тоннаға жуық есірткі тәркіленген. Оның ішінде 800 келіден астамы синтетикалық заттар.
Қазіргі уақытта барлық күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Бұл бап бойынша мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
ІІМ өкілдері есірткі қылмысына қарсы күрес ведомство жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.





