Әлеуметтік желілерде полицейлердің жедел жәрдем көлігін қуып жүрген видеосы тарады. Алматы полициясының хабарлауынша, 31 шілдеде сағат 21:45-те Құлжа тасжолы бойындағы тұрғын үй кешені аумағынан BMW көлігі ұрланғаны туралы хабарлама түскен. Ұры басқа көлікпен соқтығысып, оқиға орнынан қашып кеткен. Көп ұзамай Есік қаласына жеткенде, қарсы жолаққа шығып, Toyota көлігімен соқтығысқан. Жол апаты болған жерден ол тағы қашып кеткен.
Көп ұзамай күдікті Nissan көлігін ұрлап кеткен, алайда тасжолда аударылып қалған. Куәгерлер жедел жәрдем шақырған кезде, шабуылдаушы ол көлікті де ұрлап кеткен.
«Өңірлік жедел жәрдем бекетіне тиесілі Jac Sunray-мен қалаға қайта келгенде, оны патрульдік полиция экипажы «Ұстау» жоспары бойынша қолға түсірді. Күдікті – 1994 жылы туған ер адам, медициналық куәландыру барысында есірткі тұтынғаны анықталған. Ол қамауда», – деді полицейлер.
Медеу аудандық ПІБ жанындағы полиция бөлімінде, сондай-ақ, Еңбекшіқазақ АІІБ-да бөтен көлікті заңсыз иемдену дерегі бойынша үш қылмыстық іс тіркелген.