Кәсіби мерекеге арналған жиынға Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов қатысып, құтқарушыларды мерекемен құттықтады. Өңір басшысы адам өмірін сақтап қалу жолында еңбек ететін мамандардың қызметі жоғары жауапкершілік пен кәсіби дайындықты талап ететінін атап өтті.
«Құтқару қызметі – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ететін айрықша сала. Олар жедел көмек көрсетумен қатар, қауіптің алдын алуға бағытталған күнделікті тынымсыз жұмысымен де ерекше қадірлі. Жоғары кәсібилік, шұғыл шешім қабылдай білу және үйлесімді әрекет қатердің бетін қайтарып, адам өмірін аман алып қалуда шешуші рөл атқарады», – деді Шыңғыс Әрінов.
Облыс әкімінің айтуынша, төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою тиімділігі құтқарушылардың кәсіби даярлығына ғана емес, материалдық-техникалық базаның жағдайына да тікелей байланысты. Сондықтан өңірде жаңа өрт сөндіру деполары мен бекеттерін салуға, қолданыстағы нысандарды жаңғыртуға басымдық беріліп отыр.
Атап айтқанда, 2026 жылдың басынан бері Алматы облысында бес жаңа өрт сөндіру депосы пайдалануға берілді. Ал 2025 жылы «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында тоғыз өрт сөндіру бекеті ашылған. Бұл нысандар елді мекендерде төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін кеңейтіп, өрт сөндіру бөлімшелерінің оқиға орнына жету уақытын қысқартуға ықпал етпек. Өңір басшысы алдағы уақытта да азаматтық қорғау саласының инфрақұрылымын жетілдіру, құтқарушылардың кәсіби біліктілігін арттыру және олардың қызметіне қажетті жағдай жасау жұмыстары жалғасатынын жеткізді. Салтанатты жиында қызметтік міндетін адал атқарып, төтенше жағдайлардың алдын алу мен адам өмірін құтқаруда ерекшеленген мамандарға мемлекеттік және ведомстволық марапаттар табысталды.
Атап айтқанда, бірқатар қызметкер «Құтқарушы», «Еңбек ардагері» төсбелгілерімен, «Құтқару операциясына белсенді қатысқаны үшін» медалімен және Алматы облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Марапат иелерінің қатарында азаматтық қорғау саласына 35 жыл өмірін арнаған Әбікен Мәкетов те бар. Еңбек жолын қатардағы өрт сөндіруші болып бастаған ол полковник шеніне дейін көтерілген. Көпжылдық еңбегі үшін ардагерге «Еңбек ардагері» төсбелгісі табысталды.
«Бұл – қиындығы мен қызығы қатар жүретін, жоғары жауапкершілікті талап ететін сала. Басымыздан түрлі жағдай өтті. Барлық кезде намысқа тырысып, адамдардың амандығы үшін жан берісіп жұмыс істедік. Біз қызмет еткен жылдар материалдық-техникалық база әлі жетілмеген кездер еді. Ал қазір төтенше жағдай кезінде қолғабыс болатын құрал-жабдықтың бәрі бар. Құтқарушы қызметіне тек жүрекжұтқан, батыр азаматтар ғана келеді», – деді Әбікен Мәкетов.
Ардагердің айтуынша, құтқарушы мамандығы батылдықпен қатар, төзімділікті, тәртіпті және кез келген жағдайда дұрыс шешім қабылдай білуді талап етеді.
Айта кетейік, құтқару қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайту мен өрт сөндіру бөлімшелерінің қолжетімділігін арттыру елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Осы бағытта қолға алынған инфрақұрылымдық жобалар төтенше жағдайларға ден қою мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.





