Халықаралық додаға барлығы 76 жыртқыш құс әкелінді. Оның ішінде 51 бүркіт, 16 қаршыға және 9 ителгі бар. Қатысушылар үш санат бойынша өзара бақ сынап, құс баптау және аңшылық өнеріндегі шеберліктерін көрсетті. Жарыстың алғашқы кезеңінде құсбегілердің ұлттық киімдері, аңшылық құрал-жабдықтары мен құстарының дайындығы бағаланды. Кейін бүркіттер иесінің шақыруымен қолға қону және арнайы жемтікті ілу, ал қаршыға мен ителгілер шақыруға келу және көгершінге түсу сынақтарынан өтті. Финалдық кезеңде құстардың шапшаңдығы, дәлдігі, аңшылық қабілеті және иесімен үйлесімді әрекет етуі басты назарға алынды.
Бүркітпен сайыста Алматы облысының өкілі Жамбыл Досымжан «Ақжол» атты қыранымен жеңімпаз атанды. Ол құсбегілік өнерді әкесінен үйренгенін және бүгінде өз тәжірибесін жас буынға үйретіп жүргенін айтты.
«Бұрынғы заманда жыртқыш құстар адамдарға аң аулап, тұтас ауылды азық-түлікпен қамтамасыз етуге көмектескен. Бүгінде сол көне өнер қайта жаңғырып, ұлттық спорт ретінде дамып келеді. Менің «Ақжол» атты бүркітім барлық тапсырманы өте жақсы орындады. Қазақстанда құсбегіліктің тарихи және мәдени құндылығын сақтай отырып дамып келе жатқаны қуантады», – деді Жамбыл Досымжан.
Бұл санатта екінші орынды Алматы қаласының өкілі Арман Кушкаров «Медеу» атты бүркітімен иеленді. Ал Жетісу облысынан келген Әзен Шәймерден «Ерке» атты қыранымен қола жүлдегер атанды.
Ителгі құсы бойынша Қарағанды облысының өкілі Темірәлі Төлегенұлы «Жұлдыз» атты құсымен бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орын Жамбыл облысынан келген Бақдаулет Бабажанға бұйырса, үшінші орынды Қарағанды облысының өкілі Жандәулет Қазбек иеленді.
Қаршыға құсы бойынша Алматы облысының құсбегісі Сағыныш Баетбай «Жебе» атты құсымен топ жарды. Екінші орынға осы өңірдің өкілі Бексұлтан Сейтжан «Ақниет» атты қаршығасымен ие болды. Үшінші орынды Астана қаласынан келген Ержан Сахарбай «Ақжүрек» атты құсымен жеңіп алды.
Осылайша, Алматы облысының құсбегілері үш санаттың екеуінде жеңіске жетіп, жалпы төрт жүлделі орын иеленді.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне дипломдар, медальдар, кубоктар және ақшалай сыйлықтар табысталды. Әр санат бойынша бірінші орын алғандарға 500 мың теңге, екінші орын иегерлеріне 300 мың теңге, ал үшінші орынға 200 мың теңгеден берілді. Турнирдің жалпы жүлде қоры 3 миллион теңгені құрады.
«Алатау салбұрыны – 2026» халықаралық турнирі ұлттық құсбегілік өнерді жаңғыртуға, жас ұрпақ арасында саятшылық дәстүрін насихаттауға және халықаралық деңгейде дамытуға бағытталған.





