Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, бұл жобалар ауыл шаруашылығы өндірісін кеңейтуге, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.
Жоспарланған жобалар агроөнеркәсіп саласына инвестиция тарту арқылы өңдеу өнеркәсібін дамытуға және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, өңірде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар да жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі – «СҚО тәжірибесімен АӨК саласындағы инвестициялық жобаларды несиелеу бағдарламасы».
Аталған бағдарлама аясында 4 млрд теңге бөлініп, екі жоба қаржыландырылған. Атап айтқанда, су үнемдеу технологияларын енгізуге бағытталған «Alfalfa» ЖШС жобасына 1,5 млрд теңге, ал жүгеріні қайта өңдеу зауытын кеңейту үшін «Азия агро фуд» АҚ-на 2,5 млрд теңге қарастырылған.
Бұдан бөлек, 2026 жылы осы бағдарлама шеңберінде тағы 5 млрд теңгеге 4 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Димаш Сыдықовтың айтуынша, агроөнеркәсіп саласына инвестиция тарту ауыл шаруашылығын жаңғыртудың негізгі бағыттарының бірі.
«Биыл іске асатын жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. Бұл өнім көлемін ұлғайтып қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашады», – деді ол.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі бірлесіп әзірлеген «Инвестицияға тапсырыс» аясында жалпы құны 708,7 млрд теңгені құрайтын 26 жобаны қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Айта кетейік, 2025 жылы Алматы облысының агроөнеркәсіптік кешеніне тартылған инвестиция көлемі 178,2 млрд теңгені құрап, жоспар 145,4 пайызға орындалған. Жоспар бойынша 122,6 млрд теңге көзделген еді.
Сондай-ақ өткен жылы Жол картасы аясында жалпы құны 29 млрд теңгені құрайтын 14 жоба іске асырылды. Олардың қатарында 9 сүт фермасы, 1 жылыжай кешені, 1 балық шаруашылығы, 1 көкөніс қоймасы, 1 вафельді өнімдер зауыты және 1 құс фабрикасы бар.





