Іс-шара облыстық әкімдік пен мәслихаттың, сондай-ақ «AMANAT» және «Respublika» партияларының қолдауымен ұйымдастырылды.
Мүмкіндігі шектеулі балалардың шығармашылығын қолдау және қоғамға бейімделуіне жағдай жасау мақсатында өткен фестивальге облыстың 9 ауданы мен Қонаев және Алатау қалаларынан келген 22 дарынды бала қатысты.

Талғар аудандық Мәдениет үйінде өткен шара барысында жас суретшілердің көрмесі қойылып, олардың қолөнер бұйымдары мен туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Сахнада жиырмадан астам бала ән айтып, би билеп, өздерінің ерекше қабілеттерін көрсетті.
Фестивальдің ашылуында Алматы облысының әкімі атынан облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев қатысушыларды құттықтап, жылы лебізін білдірді.

– Бүгінгі фестиваль – тек талантты балалардың мерекесі ғана емес, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандардың да қоғамда өз орны бар екенін көрсетеді. Облыс басшылығы олардың шығармашылығын дамытуға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Келешекте бұл шараны республикалық деңгейде өткізу бастамасын қолдауға дайынбыз, – деді ол.
Сондай-ақ Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков та жас өнерпаздарға ізгі тілегін жеткізді.
– Бұл – мейірімділік пен өзара түсіністіктің символы. Осындай іс-шаралар адамдарды біріктіріп, жүректерді жақындастырады. Әр баланың жылулығы айналасын нұрға бөлесін, – деді аудан басшысы.
Фестиваль барысында балалардың шығармашылық жолында еңбек етіп жүрген ұстаздар мен ұйымдастырушылар облыс әкімдігі мен мәслихаттың Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Сахнада ерекше әсер қалдырған өнер иелерінің бірі — талғарлық Зейнеп Өтегелді «Қорқыт туралы аңыз» әнін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ал Әли Бегалы «Opera 2» және «Over the Rainbow» шығармаларын шеберлікпен орындап, залды тәнті етті. Іле ауданынан келген Мағжан Рауанұлы «Мен қазақпын!» патриоттық әнімен көрермендерді рухтандырды.
Шара соңында барлық қатысушы жас дарындар Мақтау қағазы мен ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Аудан әкімінің кеңесшісі Марат Жапаровтың айтуынша, бұл игі бастама келер жылы да өз жалғасын табады.
– Фестивальді келесі жылы көктемде қайта өткізіп, оны республикалық, тіпті халықаралық деңгейге шығару жоспарланып отыр, – деді ол.
Талғардағы бұл мереке – тек өнер додасы емес, мейірім мен шабыттың, жүректен жүрекке жол тартқан жылылықтың символына айналды.





