Конференция жұмысына арнайы «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев, партия белсенділері мен депутаттық фракциясы мүшелері өкілдерінен 350 делегат қатысты.
Делегаттар шешімімен Жамбыл ауданының әкімі лауазымына кандидат ретінде Нұрлан Ертас ұсынылды. Алдағы күндері ол аумақтық сайлау комиссиясында тіркеуден өтеді.
«Былтырдан бастап өңірде 107 ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтіп, оның барысында «AMANAT» партиясынан 105 кандидат жеңіске жетті. Бұл партияның саяси науқанға дайындығын және білікті кадр мен сауатты саяси платформамыз барын аңғартады», – деді «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев.

Оның айтуынша, осы мақсатта кандидат Нұрлан Ертасұлы білімі мен күш-жігерін, тәжірибесін партияның алға қойған мақсаттарына жұмсамақ.
«Облыс бойынша 54 мыңнан аса партияластар болса, ауданда бұл көрсеткіш 8 мыңға жуық. Бұл – үлкен күш. Аманаттықтар қашанда ашық саяси бәсекелестікке және күреске дайын. Кешегі сайлауға дейін бізді билік партиясы деп келсе, енді бүгінде біз билеуші партиямыз. Мұндай нәтижеге оңай қол жеткен жоқ. Мұның артында әрбір партияластың төккен тері, еңбектері тұр», – деді партия филиалының төрағасы.
Айта кету керек, Ертас Нұрлан Ертасұлы 2021 жылдың мамырынан бері Жамбыл ауданының әкімі қызметін атқаруда. Оған дейін аудандық әкімдікте басшылық қызметте болған. Сонымен қатар әр жылдары «Тау жолы» ЖШС-нің бастығы, аудандық әскери комиссариаттың бөлім инспекторы қызметтерін атқарды. Ал алғашқы еңбек жолын «МоtoLink» ЖШС-нің басшысы болып бастаған.





