Ауыл шаруашылығы – Ұйғыр ауданының негізгі салаларының бірі. Ал көрме – тек өнімдердің сапасын көрсету алаңы ғана емес, сондай-ақ аудандағы кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының еңбегін бағалап, олардың кәсібіне қосқан үлесі. Көрме аясында жергілікті шаруалардың табиғи әрі экологиялық таза өнімдері мен ұлттық тағамдардың алуан түрі таныстырылды.
Көрмеге ауданның көптеген кәсіпкерлері мен шаруашылық иелері қатысты. Олар тауық еті, сүт өнімдері, бал, жеміс-жидек, қолөнер бұйымдары және басқа да өнім түрлерін ұсынды. Бұл келушілер үшін ауылдың нағыз дәмін сезінуге таптырмас мүмкіндік болды.

Аудан әкімінің айтуынша, ұлттық тағамдар мен дәстүрлі өнімдердің кеңінен ұсынылуы аудан тұрғындары мен қонақтарына қазақтың бай мәдениеті мен ас мәзірін таныстырып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан асыл мұраларды сақтап қалуға жол ашады.
«Ауданымыздың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінен құралған жәрмеңке – бұл жергілікті өнімдерді дәріптеп, ұлттық тағамдарды насихаттауға арналған маңызды іс-шара. Жәрмеңке көрінісі тек өнімдердің сапасын көрсету ғана емес, сонымен қатар, ауданымыздағы кәсіпкерлердің ауыл шаруашылығына қосқан үлесін атап өтуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова.
Айта кетейік, жәрмеңке ауыл шаруашылығының жергілікті экономиканы дамытудағы маңызын айқындайды.





