Оның мәлімдеуінше, Жамбыл ауданының Үлкен ауылына АЭС салынса, Қазақстан 4 бағытта дамиды. Атап айтсақ:
1. Әлеуметтік:
• ғылыми-техникалық өсу, еліміздің жоғары білікті кадрлық потенциалының дамуы;
• АЭС құрылысы кезінде 8 000 адамды, қолданысқа берілген соң 2000 тұрғынды жұмыспен қамту.
2. Техникалық:
• Алматы облысының өнеркәсіп саласын дамыту;
• жеке отын базасының әлеуетін кешенді пайдалану;
• тұтынушыларды 60 жылдан астам уақыт энергиямен қамтамасыз ету.
3. Экономикалық:
• жергілікті бизнесті қолдау;
• жыл сайын белгілі бір мөлшерде салықтың төленуі;
• Алматы облысының инвестициялық тартымдылығын арттыру.
4. Экологиялық:
• парниктік газдардың (көмірқышқыл газы, озон, метан) ауаға таралуын жылына 10 млн. тоннаға дейін азайту.

Тимур Жантикиннің ақпарына сүйенсек, АЭС шамамен 2035 жылы қолданысқа беріледі.
Стансаның төңірегінде атқарылатын шаралардың хронологиясы:
• 2023 жылы – АЭС құрылысының технологиясы таңдалады, бұл үшін АЭС салу бойынша ҚР Үкіметінің қаулысы қабылданады.
• 2025 жылы – техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, мемлекеттік сараптау жүргізілуі тиіс. Содан соң 2028 жылға қарай АЭС-тің жобалық-сметалық құжаты жасалады. Аталған үш жыл ішінде стансаның құрылысы туралы Үкімет қаулысы қабылданады.
• 2029 жылы – құрылыс монтаждау жұмыстары басталады, шетелден қажетті жабдықтар әкеліне бастайды. Бұл жұмыстар 2034 жылы өз межесіне жетіп, 2035 жылы АЭС қолданысқа беріледі.
Айта кетейік, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС – «Самұрық-Қазына» Акционерлік қоғамдық қорының еншілес компаниясы.
Бұған дейін Үлкен ауылына салынатын АЭС жобасы 2023 жылы жасалатыны туралы жазғанбыз.





