Әкімнің айтуынша, ұзындығы 12 шақырым болатын Қайынды көліне апаратын жолды күрделі жөндеуге қатысты мәселе бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Бұған дейін жобалық-сметалық құжаттама әзірленгенімен, бюджет тапшылығына байланысты жоба бірнеше мәрте кейінге шегерілген. Уақыт өте келе құжаттар өзектілігін жоғалтып, қайта пысықтауды қажет еткен.
2025 жылы жобалық-сметалық құжаттама қайта жаңартылып, жөндеу жұмыстарының жалпы құны 2,4 миллиард теңге көлемінде белгіленді. Оның ішінде 1,5 миллиард теңгесі алдағы жылы игеріледі.
– 14 шілде күні конкурс жарияланды. Егер мердігер компания уақтылы анықталса, тамыз айында құрылыс-монтаж жұмыстары басталады, – деді өңір басшысы.
Қапшағайдағы жағажайлар қауіпсіздігі – бақылауда
Облыс әкімі Қапшагай су қоймасындағы жағажай инфрақұрылымына да назар аударды. Соңғы уақытта тіркелген қайғылы оқиғалар – атап айтқанда, суға батып кеткен әйелдің өлімі – жағажайларда қауіпсіздік талаптарының сақталмауын көрсеткен.
Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, көптеген жағажайлар жеке кәсіпкерлерге жалға берілгенімен, қауіпсіздікке жауапты құрал-жабдықтар мен құтқарушылар қарастырылмаған.
«Оқиға орын алған жер телімі белгілі бір мерзімге жалға берілген. Қазір бұл учаскенің заңдылығы тексеріліп жатыр. Нәтижесіне қарай тиісті шешімдер қабылданады. Капшагай жағалауындағы қауіпсіздік мәселесін кешенді түрде шешу қажет», – деді әкім.
Сондай-ақ, Алматы облысының Жер ресурстарын басқару басқармасына су қорғау аймағындағы 48 гектардан астам жерді қамтитын 18 учаскеге қатысты материалдар жолданып, соның ішінде 31 гектарды қамтитын 12 учаске бойынша заңбұзушылықтар анықталып, нұсқамалар берілген.
Қонаев қаласы аумағында бүгінде 140-тан астам демалыс орны мен 8 коммуналдық жағажай бар. Алайда жағалауда жерді жалға алған 43 кәсіпкер өз учаскесін тиісті талаптарға сай абаттандырмай, қажетті инвестиция құймай немесе басқа инвесторларға ұсынбай отыр. Бұл – өңірдің туристік әлеуетін толық іске асыруға едәуір кедергі келтіруде.
Мемлекет басшысының сынынан кейін өңір әкімдігі туризм инфрақұрылымын дамытуға нақты кіріскенін көрсетіп отыр. Қайынды көліне баратын жолдың жөнделуі мен жағажай қауіпсіздігін арттыру – осы бағыттағы алғашқы қадамдардың бірі.





