Оқиғадан кейін облыс әкімінің жеке бақылауымен аудан әкімдігі мен меценаттар қолдау көрсетіп, отбасыға жаңа үй салу туралы шешім қабылданды. Қысқа уақыт ішінде барлық құрылыс жұмыстары аяқталып, заманауи талаптарға сай тұрғын үй бой көтерді.
Жаңа үй барлық қажетті инженерлік жүйелермен, жылыту және тұрмыстық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Құрылыстың әр кезеңі қатаң бақылауда болды.
Бүгінде Шерзат Полаттың отбасы жаңа шаңырақтың табалдырығын аттап, қоныс тойын атап өтті.
«Бізге көрсетілген қамқорлық пен қолдау үшін облыс және аудан басшылығына, барша жомарт жандарға алғыс айтамыз. Бұл біз үшін үлкен қуаныш әрі жаңа өмірдің бастауы», – деді Шерзат Полат ризашылықпен.
Әкімдік өкілдері атап өткендей, бұл игі іс – өңірде халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру және қиын жағдайға түскен тұрғындарға нақты көмек көрсету бағытындағы жұмыстардың бір көрінісі.
Жаңа баспана тек бір отбасының қуанышы ғана емес, қайырымдылық пен бірліктің үлгісі болды.





