Сапар аясында еліміздің оңтүстік-шығысындағы маңызды стратегиялық жобалардың бірі – Алатау қаласын салу жоспарына ерекше назар аударылды.
Палата Спикері қаланың Бас жоспарымен танысып, алдағы уақытта жүзеге асырылатын іргелі жобаларға назар салды. Алатауда төрт салалық кластерді қамтитын арнайы экономикалық аймақ құрылған. Олар: мәдениет және туризм орталығы, білім және медицина аймағы, іскерлік және қаржы орталығы, сондай-ақ индустриялық-логистикалық аудан. Жоспарға сәйкес, 2050 жылға қарай жаңа қаланың халқы 2 миллион адамға жетуі мүмкін. Мұнда 400-ден астам әлеуметтік нысан салынып, жыл сайынғы туристік ағын 4 миллионнан асады деп күтілуде.
Мәулен Әшімбаев Алатауды дамыту ауқымды қала құрылысы ғана емес, бүкіл өңірдің әлеуетін арттыратын кешенді бастама екенін атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы жүзеге асыру бүкіл өңірдің өркендеуіне елеулі серпін береді.
«Алатау қаласы өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен құрылды. Бұл – тек Алматы агломерациясы үшін ғана емес, бүкіл еліміздің дамуы үшін маңызды әрі болашағы зор жоба. Сенат – өңірлердің мүддесін қорғайтын палата ретінде аймақтардың дамуына әрдайым белсенді ықпал етіп келеді. Сондықтан біз бұл қаланың инновация, инвестиция және талантты жастарды тартатын озық дамыған орталыққа айналуына мүдделіміз. Осы маңызды жобаның сапалы және уақытылы жүзеге асырылуы үшін бәріміз күш біріктіруіміз қажет», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сапар аясында Сенат Төрағасы Alatau арнайы экономикалық аймағында орналасқан бірқатар ірі кәсіпорындардың жұмысымен де танысты. Атап айтқанда, ол өңірлік сауданы дамытуда және үздіксіз жүк тасымалын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын «Исткомтранс» көлік-логистикалық орталығына барды. Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев «FRUIT ART» ЖШС жеміс-жидек комбинатының жұмысшыларымен кездесті.
Аталған кәсіпорын құрамына жыл бойы құлпынай өсіретін жылыжай кешені, сыйымдылығы 15 мың тонна болатын жеміс қоймасы және неміс технологиясымен жабдықталған сублимациялық комбинат кіреді. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 44 млрд теңгеден асады.
Сенат Төрағасы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және осы саладағы кәсіпорындарды қолдау елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аса маңызды екенін атап өтті.





