Іздеу аумағында министр жоғалған ұшқыштардың туыстарымен кездесіп, оларға моральдық қолдау көрсетті. Ол іздеу-құтқару операциясы тәулік бойы тоқтаусыз жалғасатынын және барлық қажетті ресурстар мен техникалар толық жұмылдырылғанын жеткізді.
«Біз соңына дейін әрекет етіп, іздеуді жалғастырамыз. Жақындарына жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Қайғылы жағдайдың себептерін анықтау мен экипаж мүшелерін табу – басты міндетіміз», – деді Дәурен Қосанов.
Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы, авиация генерал-майоры Асқар Ізбасов Сорбұлақ көлінің табиғи және техногендік ерекшеліктері операцияны жүргізуде қиындықтар туғызатынын айтты. Оның сөзінше, су түбінің шөгінді, тереңдігі әркелкі және судың лай болуы арнайы техниканың жұмысын тежеп отыр. Дегенмен, тікұшақ экипажын табуға бағытталған ауқымды іздеу-құтқару жұмыстары күндіз-түні жалғасуда.
Тікұшақ командирі Үйсенбай Нұржігіттің ағасы Медет Ержігіттің айтуынша, ұшқыштардың туыстары да іздеу аймағында тұрақты түрде қатысып, жедел штаб жанынан табылып отыр. Олар Сорбұлақ көлінің айналасын іздеу тобымен бірге аралап шығып, су түбінен тікұшақты көрудің мүмкін еместігіне көз жеткізген.
Қазіргі таңда қорғаныс саласының барлық күштері мен ресурстары жұмылдырылып, жоғалған тікұшақ экипажын іздеу жалғасуда. Операцияның табысты аяқталуы – әскерилер мен туыстары үшін басты үміт.





