Бұл шаралар қаланы дамыту жөніндегі Кешенді жоспар аясында қолға алынып, газдандыру басым бағыттардың бірі ретінде белгіленген.
Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары бірден бес шағын ауданда – Арна, Спутник, 19, 20 және Рауан аумақтарында жүргізілуде. Жобаның жалпы инженерлік желілерінің ұзындығы 89 шақырымды құрайды. Оның ішінде 7 шақырым желі салынды. Сондай-ақ 7 мыңнан астам стояк орнатылып, қалған жұмыстарға қажетті құбырлар толықтай сатып алынды. Бүгінде құрылыстың 20 пайыздан астамы аяқталған.
Жобаға сәйкес құрылыс ұзақтығы 14 айға жоспарланған. Негізгі жұмыстарды 2025 жылдың соңына дейін бітіру көзделіп отыр. Одан кейін іске қосу-реттеу кезеңі басталып, табиғи газды үйлерге қосу жұмыстары 2026 жылдың наурыз айында жүргізіледі. Барлық рәсімдер аяқталған соң желілер пайдаланушы ұйымның балансына беріліп, техникалық шарттар рәсімделеді. Газға қосылу құны тұрғындар үшін 200–220 мың теңге көлемінде болады.
Сонымен бірге Кешенді жоспар аясында ауылдар, бау-бақша серіктестіктері және жаңа шағын аудандарды газдандыруға қатысты жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Маңызды міндеттердің бірі – автоматтандырылған газ тарату станциясын (АГТС) салу. Бұл отын жеткізудің сенімділігі мен тұрақтылығын арттырады.
Бүгінде Қонаев қаласында 6 618 тұтынушы табиғи газға қосылған. Оның ішінде 5 699 пәтер, 28 кәсіпорын және 78 коммуналдық нысан бар. Жақын маңдағы елді мекендерді қоса есептегенде, қаладағы газдандыру деңгейі 42 пайызға жетіп отыр.
Бұл жобалардың жүзеге асуы тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға, дәстүрлі энергия көздеріне түсетін жүктемені азайтуға және қаланың коммуналдық инфрақұрылымын тұрақты дамытуға жол ашады.





