Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бағдат Алиевтің айтуынша, егер Бөктерде теміржол станциясы салынса, бұл Солтүстік жағажайлардың дамуына серпін береді.
«Қазіргі таңда бұл теміржол арқылы тек жүк тасымалданады. Егер алдағы уақытта «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ жобаны қолдап, инвестор тартылса, қаладағы туризм саласы өркендейді. Жолаушыларға қосымша бағыт ашылып, шомылу маусымында демалушылар саны артады», – деді Бағдат Алиев.
Ал қала әкімі Асхат Бердіханов бұл бастаманы жан-жақты талқылау қажеттігін атап өтті.
«Егер Алматы облысының басшылығы мен теміржол саласына жауапты мекемелерден қолдау тапсақ, Қонаев қаласының әкімдігі инвесторлармен бірлесіп жұмыс істеуге дайын. Жобаны жүзеге асыру жолдарын қарастырайық», – деді ол.
Айта кетейік, өткен жылы Қонаев қаласына 103,1 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған болатын.





