Агенттік мәліметінше, конкурсқа әрбір қазақстандық қатысуға мүмкіндік алады. Сауалнама eGov Mobile мобильді қосымшасында жүргізіледі. Қосымшаның басты бетінде «АЭС-ке атау ұсыныңыз» атты арнайы баннер орналастырылған. Сондай-ақ пайдаланушыларға конкурстың басталғаны туралы push-хабарлама жіберіледі.
«Бұл бастаманың мақсаты – болашақ станцияға тарихи, мәдени және ұлттық маңызын айқын көрсететін, мәні терең атау таңдау», – делінген ресми хабарламада.
Конкурсқа қатысу үшін мына қадамдарды орындау қажет:
қосымшада тілді таңдау (қазақ немесе орыс тілінде);
атом электр станциясына өз нұсқасын ұсыну;
атаудың мағынасын қысқаша түсіндіру (міндетті емес);
конкурстың ресми қағидаларымен танысқаныңызды растау.
Ұсыныстарды қабылдау 2025 жылғы 10 қазан сағат 23:59-ға дейін жалғасады.
Конкурс қағидаларымен Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің ресми сайтынан және ведомствоның әлеуметтік желідегі парақшаларынан танысуға болады.
Ұйымдастырушылар барша азаматты еліміздің энергетика саласының жаңа тарихын жазуға үлес қосуға, Қазақстанның алғашқы АЭС-іне өз ұсынысын жолдауға шақырды.





