«Соңғы кездері Қонаевта белгіленбеген жерде мал жаю әрекеті жиілеп кетті. Әсіресе, республикалық маңызы бар тас жолдың бойында мал бағу мәселесі қауіп төндіріп тұр», — делінген хабарламада.
Төрт түліктің қатысуымен көптеген жол апаты орын алады.
«Биыл облыс аумағында малды қағу дерегі бойынша 21 жол апаты тіркелді, салдарынан 5 адам қайтыс болды», — деп көрсетілген жазбада.
Қонаев қаласында 9000 бас мал бар. Жыл басынан бері 200 құқық бұзушылық орын алып, жеке және заңды тұлғалар жауапкершілікке тартылды.
Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін қалалық прокуратура мамандары 17 шаруа қожалықтың иелерімен кездесіп, мал бағу кезіндегі ережелерді түсіндірді. Атап айтқанда, теміржол және автомобиль жолдары жанында мал бағуға, тыйым салынған жерден мал айдап өтуге болмайды.
Тиісті заңды бұзғандар ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Облыстық прокуратура мамандары заңға қайшы іс-әрекетті байқағандар болса полицияға немесе прокуратураға хабарлауды сұрайды.





