Бұл – тек жаңа ғимараттар ғана емес, болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына арналған заманауи және жайлы орта. Жаңа мектептер Қарасай (6), Жамбыл (2) аудандарында және жаңадан құрылған Алатау қаласында (1) ашылды. Атап айтқанда, Долан, Қошмамбет, Елтай, Көкөзек, Қаскелең және Кемертоған ауылдарындағы, сондай-ақ Қарғалы, Ұзынағаш және Еңбек ықшам ауданындағы жаңа мектептер қазіргі заманғы білім беру жабдықтарымен толық қамтамасыз етілген.
Аталған білім ордаларына барлығы 985 педагог жұмысқа қабылданды. Оның ішінде 545 ұстаз – ашық конкурс арқылы, 440-ы – ауысым тәртібімен жұмысқа келген. Солардың қатарында 104 жас маман бар. Олар 2022–2024 жылдар аралығында жоғары педагогикалық оқу орындарын тәмамдаған, ел болашағын тәрбиелеуге енді қадам басқан жалынды жастар.
Жас мамандардың мамандықтар бойынша бөлінісі мынадай:
Бастауыш сынып мұғалімдері – 23
Математика – 13
Қазақ тілі мен әдебиеті – 12
Орыс тілі мен әдебиеті – 7
Ағылшын тілі – 21
Информатика – 5
Жаратылыстану және басқа пәндер – 23
Жас ұстаздар еңбек шарты негізінде жұмысқа қабылданып, мектептердің ішкі тәртібі мен әдістемелік үдерісіне белсенді кіріктірілді. Оларға тәлімгер ұстаздар бекітіліп, кәсіби бейімделу және қолдау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.
2024 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілген Қарғалы ауылындағы №1 орта мектеп – «Келешек мектеп» жобасы аясында бой көтерген ірі нысандардың бірі. Бұл мектепке тартылған жас мамандар білім процесіне белсене араласуда. Мәселен, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ұлмекен Қилыбаева өткізген «Space facts» ашық сабағы оқушылар мен әріптестері тарапынан жоғары баға алды. Математика пәнінің жас маманы Ләззат Бекзак та өз тәжірибесін аудандық іс-шараларда белсенді бөлісіп жүр.
Ұзынағаш ауылындағы №2 орта мектептің жас маманы Гүлдана Шарафутдинова — жасанды интеллект құралдарын сабақта тиімді қолдана отырып, оқыту сапасын жаңа деңгейге көтерген жаңашыл ұстаздардың бірі.
Бастауыш сынып мұғалімі Әсем Амангелді (Долан мектебі) мен Мадина Самсабаева (Көкөзек мектебі), сондай-ақ Назерке Алпысбаева (Қаскелең мектебі) сияқты жас мамандар қысқа уақыт ішінде ұжым мен ата-аналар сеніміне ие болып, түрлі байқаулар мен семинарларда топ жарып жүр. Атап айтсақ, Назерке Алпысбаева 2024–2025 оқу жылында Абайдың 180 жылдығына арналған «Үздік абайтанушы» байқауында бас жүлдені жеңіп алды.
2025 жылы «Келешек мектеп» жобасы аясында тағы 17 мектептің есігі ашылады деп күтілуде. Бұл нысандар жалпы саны 13 800 оқушыны қамтиды. Соған орай педагог кадрларға сұраныс та арта түспек.
Келесі оқу жылына педагогтерге қажеттілік:
Жалпы қажеттілік – 2231
Оның ішінде жас мамандар – 295
Сұранысқа ие пәндер бойынша:
Бастауыш сынып – 42
Қазақ тілі мен әдебиеті – 35
Орыс тілі мен әдебиеті – 30
Математика – 45
Ағылшын тілі – 36
Физика, химия, биология – 45
Информатика және басқа пәндер – 62
Жас мамандар ҚР Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 31 наурыздағы №57 бұйрығына сәйкес enbek.kz платформасы арқылы конкурс негізінде қабылданады. Әр мектепте тәлімгерлік және бейімделу бағдарламалары енгізілген.





