Бұл туралы Алматы облысы әкімінің Іле ауданы халқымен кездесу барысында айтылды.
«Іле ауданындағы мәселенің бірі — газдандыру. Газды үйге кіргізу де, тарифі де қымбат. Бір қызығы, әр ауылды газға қосу бағасы әртүрлі», — деді облыс әкіміне сұрақ қойған Мақсат есімді азамат.
Мақсаттың сөзіне сүйенсек, газ тартылған ауылдардың өзіне көгілдір отын біркелкі беріліп жатқан жоқ. Газ құбырларының сапасы сын көтермейді. Жауапты компания өкілдері бітелген газ құбырларын тазалағанымен, тұрғын үйлердегі пештер бекітіліп жатыр. Ол облыс әкімінен аталған мәселені назарына алуын сұрады.
«Газдың түрлі бағада үйлерге тартылуы әртүрлі инвесторға, соның инвестициясына байланысты. Мысалы, оның біреуі 1 ауылға, бірі 10 ауылға газ тартады, біреуінде 1 пайдаланушы болса келесісінде 1000 пайдаланушы. Әрине оның бағасы да әртүрлі болады», — деді тұрғынның сұрағына жауап берген облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Сондай-ақ ол облыстық прокуратураның газдандыру жұмысымен айналысатын компаниялардың қойған тарифінің қаншалықты заңды екеніне талдау жүргізіп жатқанын айтты.
«Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда компания өкілдері жауапқа тартылады. Орталық Азиядан келген газды жан-жаққа жеке компаниялардың көмегімен тартып жатқанымызды да айта кеткен жөн. Себебі, кәсіпкерлер болмаса, облыс әкімдігінің күші барлық жұмысқа жеткіліксіз. Біздің мақсат — инвесторлар жұмысын қадағалау», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Сөз соңында өңір басшысы әлеуметтік осал топтағы отбасылардың үйіне газды меценаттардың, демеушілердің көмегімен тартып беруге облыс әкімдігінің ниетті екенін айтты.




















