«Өңірдің жер қоры 10,5 млн гектар. Ауыл шаруашылығы жерлерін бөлуге байланысты іс-әрекеттердің ашық еместігі байқалады. Жайылым жерді негізсіз, жосықсыз жеке меншікке берудің әсерінен мал жаюда мәселе туындады. Мысалы, Еламан, Жалғамыс, Төңкеріс ауылы тұрғындары малын елдімекен аумағында жаюға мәжбүр», — деді Серік Орымбетов.
Департамент басшысының берген ресми мәліметіне сүйенсек, сыбайлас жемқорлықтың таралу картасына сәйкес ауыл шаруашылығы жерлері басқа мақсатта қолданылғаны белгілі болды.
«Іле, Жамбыл, Талғар, Қарасай аудандарында ҚР Жер кодексін бұзу дерегі анықталды. Бұл аудандардағы 27 ауылдық округте жалпы ауданы 5,6 мың гектар ауыл шаруашылығына бөлінуі керек жерлердің нысаналы мақсаты өзгертіліп, 56 мың жер учаскесіне бөлінген. Қазіргі таңда облыстық жер қатынастары басқармасымен бірлесе отырып, 4 аудандағы түйткілді мәселелер қайта қаралып жатыр», — деді Антикор басшысы.
Сонымен қатар ол өңірлік геоақпараттық жүйені жетілдіру мәселесін көтеру керектігін айтты.





